Жеңіс кітаптары
7 қараша күні кітапханада «Арго» Шығыс Қазақстан полиграфиялық компаниясы шығарған жергілікті авторлар кітаптарының таныстырылымы өтті.
Бұл басылымдар – соғыс жылдарындағы батырлар мен куәгерлерге арналған тағзым, ел тарихындағы ерлік шежіресін сақтау жолындағы қастерлі үлес. Кітап парақтарында майдан мен тылдың үні жаңғырып, ғұмыры Ұлы Жеңіспен мәңгі өрілген жерлестеріміздің өмір жолы көрініс тапқан.
Ашылу салтанатын жаңа кітаптардың өз оқырмандарына жол тартқанын білдіретін қызыл лентаны салтанатты түрде қию рәсімі және құрметті қонақтардың сөз сөйлеуі түрлендіре түсті. Олардың қатарында – Қазақстандағы Ресей Жазушылар одағы мүшелерінің Қазақстандық бірлестігінің төрағасы Ирина Каланчина, «Звено Алтая» Шығыс Қазақстан облыстық әдеби бірлестігінің төрайымы Наталья Матвеева, ақын әрі қоғам қайраткері Геннадий Пуссеп, өлкетанушы және жазушы Алдияр Аубакиров, мұрағатшы әрі автор Ирина Дурново, сондай-ақ «Арго» полиграфиялық компаниясының директоры Святослав Семёнов бар.
Кездесу барысында келесідей жаңа басылымдар ұсынылды:
- «Один народ — одна Победа» — «Звено Алтая» бірлестігінің Алтай өлкесінің «Мәдениетті дамыту» бағдарламасы аясында әзірлеген проза, поэзия, естелік және деректі материалдар жинағы;
- «Ветераны села Прапорщиково» — майдангерлер, тыл еңбеккерлері мен жергілікті қақтығыстарға қатысушылар туралы естелікті сақтауға арналған өлкетану кітабы. Бұл еңбектің жарық көруіне Глубокое ауданының әкімі – Эльдар Тумашинов қолдау көрсеткен.
- «Письмо прадеду. Спасибо за Победу» – Алдияр Аубакировтың бастамасымен Алтай ауданының оқушылары әзірлеген балалар шығармалары жинағы. Кітап Алтай ауданының әкімі Ренат Курмамбаев пен «Қазмырыш» компаниясының қолдауымен жарық көрді.
- «Гвардеец» — соғысқа қатысқан жауынгер, ұстаз әрі зерттеуші Андрей Потаповтың жарқын бейнесіне арналған. Кітапты Ирина Дурново құрастырған.
- «Окопная правда» — Кеңес Одағының Батыры Трофим Клименконың күнделіктері. Бұл – ақын Геннадий Пуссептің редакциясымен, «ВОСТОК-МОЛОКО» корпорациясы мен «Арго» полиграфиялық компаниясының қолдауымен жарық көрген басылым.
Таныстырылымға тарихи мұраны сақтау ісін басты міндет деп білетін авторлар, өлкетанушылар, мұрағатшылар, жазушылар мен қоғам өкілдері қатысты.
«Товарки» ансамблінің өнер көрсетуі кездесуге ерекше рух сыйлады. Олардың соғыс жайлы шынайы да әсерлі әндері залды жылылыққа, ризашылық пен ұрпақтар сабақтастығын білдіретін жанды естелікке толтыра түсті. Кездесу соңында қонақтар авторлармен еркін әңгімелесіп, олардың қолтаңбасын алу мүмкіндігіне ие болды.
| |
|
|
|
|
|
|
| |
|
|
|
|
|
|








