«Шарықта, Шәмші әндері!»
31 қазан күні А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада ұлы композитор, Қазақстанның Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік әнұранының музыкасын жазған Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдық мерейтойына арналған «Шарықта, Шәмші әндері!» атты ән байқауы өтті.
Шараға кітапхана жанынан құрылған «Төр Алтайдың әдеби әлемі» клубының мүшелері қатысты. Бұл клубтың құрылғанына үш жылдай уақыт өтті, жүзден астам қатысушысы бар. Байқауға бес жұп қатысып, ән әлемінің әсемдігін көрерменге тамаша жеткізді. Әр түрлі сала өкілдері болса да, барлығының өнерге деген ықыласы мен сүйіспеншілігі ерекше сезілді. Сахнада олар өз таланттары мен орындаушылық шеберліктері арқылы әннің сұлулығын, көңілдің нәзік иірімдерін көрермен жүрегіне жеткізе білді.
Байқаудың ресми бөлігінде клубқа жаңадан қосылған топ мүшелеріне топтың төсбелгісі табысталып, топтың жаңа әнұранының тұсаукесері жасалынды. Әнұранның сөзі жазған Үлкен Нарын ауданының тұрғыны ақын Толқын Уызбаева, әуенін жазған сазгер, ұстаз Талғат Әбішев. Әнді тамылжыта орындаған облысымызға танымал әнші Айдын Алдархан.
Байқауға қатысушы үміткерлер Шәмшінің әндерін айтып, өнерлерін ортаға салды. Шәмші сазымен шырайланған әуендер шеруі көрерменнің көңілінен шықты. Қазылар алқасының шешімімен үздік шыққан байқау жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Байланыс тел.: 261333








