«Ауғанның отты жалыны...» кездесу
11 ақпан күні, сағат 14.00-де кітапханада қаламыздағы ауған соғысы ардагерлерінің қатысуымен «Ауғанның отты жалыны...» атты кездесу өтеді.
Он жылға созылған соғысқа 22 мың қазақстандық қатысып, 924 боздағынан айырылған. 1015 адам елге мүгедек болып оралса, 21 солдат із – түзсіз кеткен. Бұл күнде ауған соғысының қанды қырғынынан аман – есен оралғанымен, жандары жаралы ардагерлер ортамызда жүр. Кездесудің мақсаты да осындай ардагерлерге құрмет көрсету, жат жерде көз жұмған марқұм азаматтарды еске алу және жастарды патриоттық тәрбиеге баулу.
Шараға өмірінің өлшеулі бір бөлігін, жалындаған жастық шағының жартысын оқ пен от арасында өткізіп, елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан интернационалист-жауынгерлер, жерлестеріміз, атап айтқанда Нұртазин Бейсенғазы мен Еділ Түгелбаев қатысады.
Іс-шара барысында қатысушылар қаза болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, Ауған соғысының шығу себептері мен салдары туралы ақпараттар беріледі, соғыс хроникасының кадрлары көрсетіледі.
Ауған жерінде оқ пен от арасында өткізіп, елге оралып, бейбіт күнде еңбек еткен азаматтар, Ауғанстандағы әскери қызметі туралы естеліктерін айтып, тағылымды әңгімелерімен бөліседі.
Әрбір елдің болашағы патриоттық сезімі нық, ержүрек, қайсар ел азаматын тәрбиелеуден бастау алады. Отан үшін отқа түскен, қасиетті Отан алдындағы борышын ешбір тайсақтамай орындаған жауынгерлердің ерлігі де, өрлігі де еш ұмытылған емес.
Барлықтарыңызды жауынгер жерлестерімізбен кездесуге шақырамыз!








