«Тұлпар текті ғұмыр»
29 ақпан күні, сағат 14.00-де А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада ұстаз, ақын, шежіреші, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Құдабаев Сиезхан Дәулетханұлының 70 жылдығына орай еске алу кеші өтеді.
Сиезхан Дәулетханұлы 1956 жылы 25 ақпанда Катонқарағай ауданы Топқайың ауылында дүниеге келген.
1979-1985 жылдары Қарағанды мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде оқиды. 1986-1993 жылы Катонқарағай ауданы Сөгір орталау мектебінде директор қызметін атқарды.
1993-2000 жылдары Ұлан ауданы, Донское ауылындағы орта мектептің директоры болып қызмет атқара жүріп, осы оқу орнына Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаровтың есімін беруге атсалысады. 2000-2004 жылдары Қасым Қайсенов кентіндегі орта мектепке директорлық қызметке тағайындалады. Осы жылдары аталған мектепке Алаш арысы Райымжан Мәрсековтың атын беруге күш салды.
Сиезхан Дәулетханұлы дүние салғанда, онымен қоштасу жиынына Семей қаласынан арнайы келген Шығыстың айтулы ақын жырауы Құсмилия Жырғалұлы Нұрқасымов: «Мүйізіміз қарағайдай болып жүрсек те, Семейдің өзінен бір мектепке Алаш арыстарының атын бергізе алмадық. Ал Шығыста жүрген Сиезхан Құдабаевтың бұл тындырған шаруасын мен үлкен ерлік деп бағалаймын» деген екен.
2004-2014 жылдары Райымжан Мәрсеков атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. 2014-2020 жылдары Катонқарағай аграрлық техникалық колледжінің директоры болып қызмет атқарды.
Ғұмырының 30 жылдайын шежіре жазуға арнады. Шежіре жазу - мол уақытты, үлкен біліктілік пен төзімділікті талап етеді. Елдегі жинаған шежіремен ғана шектелмей, Қытай еліне екі рет сапар шегіп, арғы бетті мекендеген руларды да қамтып жазды.
«Дат-шежіре» 2-томдық, «Көк бөрілік тірлігім», «Мұзтау – мұнар» өлеңдер жинағы, «Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаров», «Алаштың арысы Райымжан Мәрсеков» ғұмырнамалық - зерттелім, «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс», «Ғұмырдария» кітаптарының авторы.
«Қазақстан Республикасы Білім беру саласының үздігі», есімі «Қазақстанның Мәртебелі ұстазы» энциклопедиясына енгізілген. «Ұлан ауданына сіңірген ерекше еңбегі үшін», Катонқарағай ауданының 90 жылдық мерейтойына арналған мерекелік төсбелгісімен және «Өр Алтай арысы» төсбелгілерімен марапатталған.
2022 жылы 5 наурызда ауыр науқастан көз жұмды.
Құрметті кітапсүйер қауым, туған жерін сүйе білген, өлкесін ұлықтай алған Сиезхан Дәулетханұлын еске алу кешіне келіңіздер!
Байланыс тел.: 261333








