«Заң әлемінің заңғары» дөңгелек үстел
14 мамыр күні кітапханамызда заң ғылымының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанға еңбегі сіңген ғылым қайраткері Салық Зиманұлы Зимановтың 105 жылдығына арналған «Заң әлемінің заңғары» атты дөңгелек үстел өтті.
Аталған шараны ұйымдастырудағы басты мақсат – Салық Зимановтың отандық құқық жүйесін қалыптастырудағы еңбегін насихаттау, ғылыми мұрасын жастарға таныстыру және жас буынның құқықтық сауаттылығы мен құқықтық мәдениетін арттыру болды.
Дөңгелек үстелге заң саласының мамандары, «Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері, заң факультетінің студенттері мен белсенді жастар қатысты. Шара барысында ғалымның өмір жолы, ғылыми қызметі, мемлекет пен құқық саласындағы тарихи еңбектері кеңінен сөз болды. Қатысушыларға Салық Зимановтың майдандағы ерлігі мен Қазақстан Конституциясын әзірлеуге қосқан үлесі туралы арнайы презентация ұсынылды.
Аталмыш іс-шара «Ақ жол» демократиялық партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалымен бірлесе ұйымдастырылды. Жиында «Ақ жол» демократиялық партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, филиалдың әйелдер қанатының үйлестірушісі Боранғалиева Шынар Бақытқанқызы сөз сөйлеп, Салық Зимановтың ел тарихындағы орны мен құқықтық мемлекет қалыптастырудағы еңбегіне тоқталды.
Сонымен қатар кітапхананың оқу залының жетекшісі Қалиева Бақытгүл Төбейқызы ғалымның тарихи тұлғасы мен ғылыми мұрасы жайлы мазмұнды баяндама жасады. Шара барысында Салық Зимановтың еңбектері мен арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесіне шолу жасалды.
Дөңгелек үстел еркін пікір алмасу форматында өтіп, жастар құқықтық тәрбие, заң мәдениеті және ғалым мұрасының бүгінгі қоғам үшін маңызы туралы ой бөлісті. Шара соңында қатысушылар Салық Зимановтың ғылыми мұрасы келешек ұрпақ үшін маңызды рухани қазына екендігін атап өтті.








