«Ана тілі – Алаш аманаты» онлайн форсайт-форум
5 қыркүйек – ұлт ұстазы, көрнекті ғалым, ағартушы, ақын, публицист және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Бұл күн елімізде Қазақстан халқының тілдері күні ретінде де аталып өтеді. Атаулы датаның ұлт ұстазының туған күнімен сабақтасуы – оның қазақ тілі мен ұлттық жазу тарихындағы өлшеусіз еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі.
Осы айтулы күндерге орай 3 қыркүйек күні, сағат 10.00-де кітапханының ұйымдастыруымен Zoom – платформасында «Ана тілі – Алаш аманаты» атты онлайн форсайт-форум өтеді.
Шараның басты мақсаты – Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-ағартушылық мұрасын кеңінен насихаттау, қазақ тілінің қалыптасуы мен дамуындағы ұлт ұстазының еңбегін таныту, ана тіліне деген құрметті арттыру және тіл мәселесін бүгінгі қоғам тұрғысынан зерделеу.
Форсайт-форум қонақтары: филология ғылымдарының докторы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай университетінің профессоры - Әбсадық Алмасбек Ахметұлы және «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМКҚ Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің аға ғылыми қызметкері, түркітанушы (докторант) - Әділет Ахмет.
Форум барысында ахметтанушы ғалымдар Ахмет Байтұрсынұлының ағартушылық, шығармашылық жолы мен тілге байланысты, ұлтының азаттығы, жерінің тұтастығы жолындағы ерен қызметіне тоқталады.
Сонымен қатар, «Ахмет Байтұрсынұлы: тіл, ұлт, ғылым» атты арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, онда ғалымның еңбектері, зерттеулер мен Байтұрсынұлы мұрасын зерделеуге арналған ғылыми басылымдар ұсынылады.
Тіл мерекесі – тек тілді дәріптейтін күн емес, тілдің артында тұрған ұлттың тарихын, жадын, мәдениетін және рухын бағалайтын күн.
Шара соңында қатысушыларға ана тіліне деген құрметті арттыруға, қазақ тілін күнделікті өмірде кеңінен қолдануға үндейтін тілдік челлендж ұсынылады.








