"Бір ел - бір кітап-2025"
"Бір ел - бір кітап" республикалық акциясы елімізде 2007 жылдан бері ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиялық Кітапханасы мен ҚР кітапханалар қауымдастығының бастамасымен өткізіліп келеді.
2025 жылғы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы: Тәкен Әлімқұлов пен Жұмекен Нәжімеденов шығармалары таңдалды
Проза жанры бойынша ұлтымыздың көрнекті жазушысы, ақын, әдебиет сыншысы әрі аудармашы Тәкен Әлімқұловтың шығармаларын оқу ұсынылды. 1918 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында дүниеге келген ол, М. Горький атындағы әдебиет институтын бітірген. Қаламгердің «Сапар», «Жазғы жаңбыр», «Боз жорға» атты өлең жинақтарымен қатар, «Сейтек сарыны», «Көк қаршыға», «Кертолғау» секілді әңгіме-повестері мен «Ақ боз ат», «Тұлпардың тағдыры» романдары қазақ прозасының алтын қорына енді. Сонымен қатар, Т. Әлімқұлов «Абай», «Жұмбақ жан» еңбектері арқылы абайтану ғылымына елеулі үлес қосып, әлем әдебиеті классиктері мен А. Сент-Экзюперидің «Кішкентай шаһзада» ертегісін қазақ тіліне шебер аударды. Ол «Халықтар достығы» орденімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Поэзия жанры бойынша Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын, жазушы әрі аудармашы Жұмекен Нәжімеденовтың шығармалары таңдалды. 2025 жылы ақынның 90 жылдық мерейтойы аталып өтеді. 1935 жылы Атырау облысының Құрманғазы ауданында туған ол, Құрманғазы атындағы консерваторияда оқып, Мәскеудегі Жоғарғы әдеби курсты тәмамдаған. Ж. Нәжімеденов — Қазақстан Республикасы Әнұранының («Менің Қазақстаным») авторларының бірі. Ақын «Балауса» жинағымен танылып, «Жоқ, ұмытуға болмайды!» дастаны үшін Ленин комсомолы сыйлығын, ал 2010 жылы «Менің Қазақстаным» жинағы үшін Мемлекеттік сыйлықты (қайтыс болғаннан кейін) иеленді. Поэзиямен қатар, «Ақ шағыл», «Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт» романдары мен «Күй кітабын» жазған асқан күйші ретінде де белгілі. Оның туындылары әлемнің бірнеше тілдеріне аударылған, өзі де А. Блок, М. Лермонтов, С. Ширази шығармаларын қазақшалаған.
«Бір ел – бір кітап» акциясы отандық әдебиетті насихаттауға, тарихи-мәдени мұрамызды сақтауға және өскелең ұрпақты оқуға баулуға бағытталған. Ұлттық әдебиеттің қос алыбының шығармаларын бірге оқиық!
Мұрағат:
