20 желтоқсан 2006 жыл. Петропавлда Абай мен Пушкинге ескерткіш орнатылды

        Егеменді еліміздің төл мерекесі - Тәуелсіздік күні Петропавл қаласында ерекше аталып өтті. Қаланың орталығында Абай мен Пушкин ескерткіші ашылды.

        2006 жыл Қазақстан мен Ресей президенттерінің шешімімен Қазақстанда Пушкин, Ресейде Абай жылы болып жарияланды. Көктемде Мәскеуде Абайға арналып ескерткіш орнатылғаны белгілі, ал енді міне Петропавлда екі елдің ұлы ақындарына ескерткіш ашылды.

        - Солтүстік Қазақстанның қасиетті жерінде, Петропавл қаласында Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен Абай мен Пушкин мүсіндік композициясын жобалап, бүгін ашып отырмыз. Ол да бір үлкен біздің мәдениетке, біздің рухани байлығымызға үлкен үлес – деп атап өтті облыс әкімі Тайыр Мансұров ескертшкіштің ашылу рәсімінде.

        Пушкин мен Абайға деген сүйіспеншілік әр замандасымыздың жүрегінде сақталуда. Ұлылар әр халықтың ұлттық намысы, мақтанышы, бақыты. Пушкин мен Абай ғасыры уақыт өткен сайын алыстай түсуде. Олардың бейнелері бізге жақсылық пен әсемдіктің, адамгершіліктің жарық жұлдызы іспеттес жүрегімізге сәулесін төге бермек.