Дүниеде табиғатқа тарта туған аса дарынды адамдар бірін-бірі ешқашан естіп білмесе де, екеуі жұмыр жердің екі шетінде жүріп-ақ өзді-өзі орайлас ой кешіп, бірінің кемел ақылын бірі толықтырып жататыны ғажайып. Бірін-бірі көрмей, естімей жатып-ақ екеуі егіздің сыңарындай ғылыми жаңалық ашқан білімпаздарды білеміз. Қазақ сахарасында туып-өскен әл-Фараби өзінен он екі ғасыр бұрын өмір сүрген грек ойшылы Аристотель еңбектерін арғы-бергі ғалымдардан әлдеқайда терең, жүйелі ашып, түсіндіріп бергені белгілі. Омар Хаям рубаяттарын неміс Гете келістіріп қайта кестелеймін деп ішкі ырғағын анық сезінгенін ақынның замандасы Эккерман тебірене жазады. Рухы бай адамдардағы рухани үндестік баяғыдан болған. Қазір де көзге көрінбей, сыртқа сездірмей әлдебір ғайыптың тірлігіндей ұлы кісілердің сыры мен сымбаты үзілмей жалғасып жатқаны кәміл.
Қазақ сөзінің қасиеті қонған Абай өлең жазған кезде сөздің суретінен басқа ештемені көрмей кетеді екен. «Қандай болмасын, сезімталдығы ерекше еді... Үлкен шешемнен туған Райхан деген қызды найман Серікбайдың Құдайбергеніне ұзатқанда, әкей екеуміз үйде қалдық, сонда әкем күңіреніп жазып отыратын. Жазғанда өте бір күйіне түсіп, өңі қашыңқырап, көзі жасаурап, қайталамай, түзетпей жаза беретін», (Тұрағұлдың естелігі, «Жалын» журналы, 1993 жыл, №6. 47-бет) деп жазады Тұрағұл. Өлең оралған кезде шын асыл дарынды аруақтандырып жіберетін күштің болатынын ақынның замандастары әлденеше мәрте айтқан. «Әрқашан Абай ақындық туралы сөйлегенде - Ол қуат, табиғат сыйы, құдай сыйы деп құрметпен сөйлейтін. Ақындық шабыты шын келгенде адамды қайта тудырып жібереді. Ол келгенде адам жай, жабайы адам болмайды дейтін» (Көкбайдың айтқандары. «Абай» журналы, 1992 жыл, №1, 49-бет). Ақындықты құдай сыйы деп сыйлаған Абай ақ қағаз бен қаламға бой, басын таза ұстап барып жүгінетін мінезі ерекше. Пендешілік пәс ойдан, күнделікті күйкі тіршілік тауқыметінен бойын, ойын арылтып болған соң барып сөздің қасиетіне ойысқан. Замандастарының естелігін және бір екшеп, елеп өткенімізде ақын өлең шығаратын кезде сөздің суретін, сөйлем ырғағын, ой оралымын, ішкі бір сезім түйсікпен алдымен сезетін болған. Өзінің қара сөздерінде айта беретін болмысты, қалыпты сол нақыш, сол суретпен көрген. «Арқаланып шыға келген», «арқасы бар Абайдың» қай-қай өлеңін алсаңыз да арғы аңғарынан аруақтай арқаланған ғажайып мінезді ойша елестетесіз. Орыс ақыны Пушкинге жақындауы, екі алыптың іштей шүйіркелесуі, бірін-бірі тамыршыдай тап басып танып алуында үлкен сыр жатыр. Пушкин шырқау шабыттың ақыны. Ақын қолжазбасына көз жіберіп, қай өлеңнің қалай туғанына, қалам ізіне, шимайына біразырақ зер салсаңыз: Пушкиннің қай мезетте қайнаған қазандай тасып төгіліп, зергер ұстадай, қай сөздің сырын ашуға ақ тер, көк тер болып күш салғанын көресіз. Көзіңіз жетеді, көңіліңіз сенеді. Шабыт ырғағының қос қанатына мінгендей ерекше айтып болмас әсерге бөленесіз.
Сөздің сиқырын, сырын, ырғағын, құйылысы мен кестесін сезіп, тұшына білген Абай мен Пушкин осы «Евгений Онегин» романында шүйіркелесіп табысқаны белгілі. Ішкі терең мазмұнымен ұғысып ұйқас ағысын тапқан. Осы күнге дейін Абайдың Пушкиннен аударған өлеңі делініп келген шығарма саны сегіз. Бұларды санамалап айтсақ: «Онегиннің сыйпаты», «Татьянаның Онегинге жазған хаты», «Онегиннің Татьянаға жауабы», «Онегин сөзі», «Онегиннің Татьянаға жазған хаты», «Татьяна сөзі», «Ленский сөзі», «Онегиннің өлердегі сөзі». Әйтсе де жоғарыдағы «Онегиннің Татьянаға жауабы» мен «Онегин сөзі» өлеңдері - түпнұсқадағы бір текстің екі түрлі варианты, бірінші өлең 7-8 буынды шалыс ұйқасты өлеңмен аударылса, екінші 12-13 буынды қазақтың қара өлең үлгісімен аударылған. Пушкинде 68 жол. Абайдың бірінші өлеңінде 76, екінші өлеңінде 48 жол, түпнұсқасының жалпы мағынасын ғана сақтап, барынша еркін аударылған аударма. Оның үстіне Абай түпнұсқадағы базбір ой, сөз оралымдарын сол замандағы қазақ ұғымына сай, ұғынықты етіп қазақыландырып отырған. Әдебиет әлемінде мұндай да аударма үлгісі болатыны мәлім. Әйтсе де бұл екі өлеңді таза аударма дегеннен гөрі, еркін мазмұндама, екінші ақынның бірінші ақынды өзінше көркем кестелеп баяндап шығуы дегенге келер еді. Жоғарыдағы екі өлең бір ғана түпнұсқадан алынғандықтан, бір мазмұнды беретіндіктен бас-аяғы бүтін бір өлең деп айтылып келеді. Абай шығармаларының түсінігінде де осылай, Абайдың Пушкиннен аударған аудармасы - 7 өлең делініп келді.
Абай ғұмырнамасына жүгінсек: ақын бұл өлеңдерді 42-44 жасында жазған, яғни өзі де әдебиеттегі таусылып бітпейтін мәңгі тақырып ғашықтар әлемінде бірде от, бірде мұз болып, күйіп-жанып жүрген кезінде туғызған. Абай өзі сүйе білген, өзін де сүйгізе білген табиғаты, болмысы бірегей, «махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» дегенді дұғадай сан қайталаған ғажайып тұлға. Ақын енді келіп Татьяна, Онегиннің сырлы асыл сөзі арқылы өз мұңын, өз шерін сыртқа шығаруға күш салған. Сол кейіпкерлердің жанын күйзелткен хал Абайдың өз басында да бар еді. Маржандай әдемі мұңлы өлеңдерді оқып отырған кісі екі бірдей жәйтті естен шығармағаны құп: бірінші - ақын Пушкиннің ойын, сезім сиқырын қазақ ұғымына, қазақтың күйініш-сүйініш танымына бұра сыйпаттаған.
«Жарым жақсы киім киіп, келді жанға жылы тиіп. Диуана болды бұл көңілім, басылмай бір құшып, сүйіп... Қылдың арам ойыңды. Бір бұрмадың мойныңды. Сен ақылмен көңіліңді, Тиып, жеңдің бойыңды. Мен бұрылып түзеле алман. Қайтсін дедің сорлыңды... Атам, анам қара жер, сен аша бер қойныңды. Сенен басқа еш жерден, Таба алмадым орнымды». Осынау мұң, бұл хал сол кездегі Онегин басына мүлде байланысты емес еді, бұл хал Абайдың өз басының сыры, мұңы, шыны болатын. Күйіп-сүюден опа таппаған, ішіне өз шоғын өзі көмген ақын айналып келгенде бір кездегі асылдай көріп, асыл деп танып алған жарының опасыз көңілдің құштарлығын баса алмай танып, тайқып жоғаларын ішкі бір түйсікпен ертебастан болжаған еді. Сол сәуегей көңілдің бірегей белгісі осы жыр, осы сыр ендеше.
Екі алып ақынның ішкі сезім үндестігі мен шығармашылық байланысы кісі таңғаларлық. Мұны Мұхтар Әуезов өзінің өмірінің соңына таман жазған «Қазақ халқының ұлы ақыны» атты мақаласында былайша кестелейді: «Абайдың Пушкинге көзқарасында бүтіндей бір өзгешелік бар», - деп аса байқағыштық танытады. «Евгений Онегин» үзінділері аудармадан гөрі, Пушкин романын шабыттана әңгімелеуге ұқсайды. Бұл ретте Абай шығыс поэзиясында ертеден қалыптасқан нәзира үлгісін қолданып, өзінен бұрынғы ақындардың тақырыбы мен сюжетін жаңаша баяндайды... Ұлы мұраны еркін ақындық баяндаудың осы мәнерін
Абай «Евгений Онегинге» де қолданған. Татьяна мен Онегин образдарының биік поэтикалығына, шынайылығына ғажап қалған Абай олардың тарихын баяндайды, олардың ұлы қастерлі сүйіспеншілігінің бағалылығын баса көрсетеді және оны қазақ жастарының ұғымына жақындатады. Абай версиясында «Евгений Онегин» эпостолярлық роман түріне ие болған», (Абай Құнанбаев, Екі томдық шығармалар жинағы, екінші том, Алматы, «Жазушы», 1986, 185-бет).
Шындығында, зерттеуші сөзіне тереңірек зер салып байқасақ, Пушкин шығармасын қазақ тілінде қайта сөйлеткен Абай сол дүниелерді орыс тілінен қазақшаға аудардым, түпнұсқадан алшақ кетпей мөлдіретіп тәржімалап шықтым деп ешқашан ойламаған. Алдына ондай мақсат қоймаған да секілді. Яғни осынау шығармашылық құбылысты Әуезов сөзімен қайталап айтсақ: аудармадан гөрі шабыттана әңгімелеуге ұқсайды, тақырыбы мен сюжетін жаңаша баяндайды, оны қазақ жастарының ұғымына жақындатады.
Қазақ әдебиетінің өркендеуі үшін Абайдың аудармашылық жұмысының зор маңызы болды, бірақ оның орыс әдебиетімен байланысы мұнымен ғана тәмамдалмайды. Бұл мәдениет пен көркемдік дәстүрлердің аса күшті ықпалын Абайдың өз творчествосынан іздеу керек. Мысалы, Пушкинді Абай басқа орыс классиктерінен гөрі сиректеу аударған. Солай бола тұрса да, оның орыс ақынымен байланысы өз творчествосында әрі терең, әрі айқын көрінеді. Оның лирикалық ойға шомуларында, табиғат суретін реалистікпен беруінде, махаббат иесі әйелдің жүрегін терең түсінуінде, әлеуметтік сарындардың адамгершілік үнінде Пушкиннің көптеген сипат белгілері бар». (Сонда, 185-бет). Расында бұл екі ақын іштей үндес, рухтас. Орыстың сөз зергерін көз жазбай оқып, терең қабылдап, сөз сиқырына, ой ырғағына тәнті болып тебірене білген Абай өзін-өзі Пушкин арқылы ылғи өсіріп отырған, рухани толықтырған, байытқан. Абай өлеңдерінің баз бірінде «Пушкиннің көптеген сипат белгілері бар» деп тұрғаны содан. «Онегиннің сипаты» деп аталатын алғашқы өлең сол дәуірдегі қазақ ұғымына барынша жақындатып жазылған жартылай аударма. Жартылай сол желіні қазақшалап баяндап шыққан жаңаша мазмұндау. Екінші «Татьянаның Онегинге жазған хаты» деп аталатын өлең түпнұсқаға біршама жақын келетін, еркін аудармаға жатқызуға болатын жыр. Үшінші «Онегиннің Татьянаға жауабы» деген өлең - түпнұсқадағы әңгімелесу - диалог түрінде жазылған жырды қазақ ақынының орысшаның тек оқиғасын алып, жаңаша реңк, бояу беріп, өзінше баяндау тәсілімен жырлап шыққан еркін мазмұндауы. Төртінші «Онегин сөзі» де солай. Мұны «Онегиннің Татьянаға жауабы» атты үшінші өлеңнің қайтадан, жаңаша жырлануы деп таныдық. Тек қана алғашқы хат түрінде жазылған мазмұнынан гөрі - түпнұсқаға - осы баяндау, қара өлең түріндегі жазылған өлең бір табан жақын. Әйтседе түпнұсқада айтылған идеяны қазақша, қазақыландыра дамытқан жаңа мазмұндағы өлеңді аударма демей, «Пушкин бойынша» деп атаған жөн секілді. «Онегиннің Татьянаға жазған хаты» деп аталатын мөлдір тамшыдай шабытты шығарма сегіз өлеңнің ішіндегі еркін аудармаға келетін екінші жыр осы. «Татьяна сөзі» деп аталатын өлең жартылай еркін аударма, жартылай жаңаша мазмұндау. Оқиғаның жалпы нобайын алып, әдемі, әсерлі етіп жырлап шыққан. Жетінші «Ленский сөзі» жартылай қазақша ұғыммен мазмұндау, жартылай еркін аударма деуге келеді. Сегізінші жыр «Онегиннің өлердегі сөзі» деген өлең роман түпнұсқасында жоқ. Абайдың таза өз қиялынан, өз жүрек түкпірінен қайнап шыққан асыл жыр жолдары, ақынның төл туындысы.
Бір ақын келесі ақынды биікке жетелейді. Жаңа шабыттың көз жетпес көкжиегіне шақырады. Пушкиннің Абайға жаңа бір әлем ашып, қиял көкжиегін кеңейтіп, өзінше бірегей сыйпат белгілер сыйлағаны енді белгілі болып отыр. «Сонда таңертеңнен кешке шейін бас алмай орыстың кітаптарын оқиды да, ара-тұра өлең жазып тастайды», - деп жазады Тұрағұл Абайұлы өз естелігінде (Тұрағұлдың айтқандары, «Абай» журналы, 1992, №2, 41-бет), - өлең жазарда ширек табақтай ақ қағазды алдына алып, қолында қарындашы, бір мұсаға мінген кісідей болып, көзі жасаураңқырап, (тегінде көзі жасаурағыш еді) әндетіңкіреп, күңіреніп отырады. Сол күңіренудің арасында естір-естімес қылып, күбірлеңкірей жазып кеткен соң көп ойланып тоқтамайды. Алдыңғы жазғанын сызып тастап түзетпейді де. Бейне өлеңнің тығыны алынып, ағып бара жатқанға ұқсайды. Сол жазып тастағанын кейін, өзі жатқа айта білмейді».
Кемел ақынның Пушкинмен жақын танысқан 1887-1888 жылдардағы көңіл күйі мен толғаныс, тебіренісі осындай еді. Сол кезекте қасында болған Тұрағүл естелігі ақын жанының кейбір қалтарыстарын тап басып тануға, байқамаған нәрсені біле, көре түсуге септігі мол.
Пушкин өз әріптестері Байрон, Гете секілді шығыс тақырыбына, таңшолпан сұлулығына қанатты шабыт, лапылдаған сезіммен күйіп-жанып қалам тербегені мәлім. Қиырына көз жеткізгісіз кең сахарада еркін жайлаған қандастарымыздың болмыс-экзотикасына елеңдей көз тігіп, Пугачев көтерілісі туралы деректер жинауға құлшына кірісті. «Қалмақ қызына» атты мұңлы өлең жазды. Күнделігіне түскен «Далалықтар сусыны - қымыз көңіл хошы» деген ойды қызыға оқимыз. Пәуескелетіп Орынборға келгенде әйгілі лингвист ғалым Владимир Иванович Даль ақынмен шүйіркелесе тіл тауып, ол жергілікті қазақтардың аузынан жазып алған «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» дастанын сыйға тартады. Сол нұсқа әлі күнге Пушкин мұражайында бойтұмардай сақтаулы.
Ең ғажабы, ақын әбден толысқан шағында, құран сүресінің ырғағы мен сазын көңіл күйіне көшіріп, «Құранға еліктеу» атты 9 тараудан құралған сұлу сазды жыр жазды. Тоғыз түрлі перне басылып, көңіл қалтарысының тоғыз бояуымен түрленуі бұл. Ақынның араб әуенін, жалпы шариғат шартын сезінуі айрықша: өлең ырғағында жаратқан ие әрдайым өз атынан сөйлейді. Ал Мұхаммед пайғамбар туралы пайымын я екінші, я үшінші жақтан төгілдіріп, оқырманды бейне тәпсір оқығандай әсерге бөлейді. «Құранды саған түсірдім, қабылдай қоймас, хайуандар; әуелі ептеп түсіндір, зорлама, бірақ, пайғамбар!» деген жолдар жаратқан иенің атынан нұр сыйласа, былайғы сегізінші, жетінші сазда шөл төсінде кені кеуіп жолаушылап келе жатқан пайғамбардың мүшкіл халі суреттелмек. Құм дауылы, замана толқыны сахарада селкілдеп сенделген пайғамбарды шыдатсын ба, суы сарқылған құдық жиегінде көзі ілініп кеткен екен; Қайта оянған кезінде бойы-басына барлап қараса - саудыраған, сақал-шашы ағарған шал болыпты, ал мініп келген есегінің құм суырған қаңқасы қалған. Міне, ғажап! Осындағы дарынды дүлей ақынның айтпағы: жарық дүниедегі тірі жанның бәрі жаратқан иенің алдында - құл, уақыт - құм, әншейін; Уақытқа қарсы тұрып, дәрмен қылар жалғыз - құдіреті күшті жаратқан ие!
Ұлы ақын шығыс тақырыбына кездейсоқ, қызығушылық әсермен емес, сай-сүйегіне жеткен ғажайып ізет, ұлы ілтипат сезіммен келген. «Құранға еліктеу» өлеңінің түсініктемесін өз қолымен жазып отырып, Сыйлық сүресінде: дінсіздер қасиетті кітапты көне мысалдар мен жаңа өтіріктердің құрандысы деп сандалады, ал өзім оған сенбеймін, бұл кітап ізет-үлфаттың тіл жетпес ұлы үлгісі - деп төгілдіреді ақын.Ұлы адамдардың, оның ішінде халықтың дана ақындарының арасында рухани жақындық, рухани үндестік, туысқандық бар. Әр түрлі тарихи — географиялық ортада өмір сүрсе де, Абай мен А. С. Пушкин тағдыры, дүние танымы, адамгершілік ынта-талабы, сана-сезімі ұқсас. Екеуі де құдайға сыйынып, өз қайратына сүйеніп, адал еңбек етуді меңзейді. А. С. Пушкинді құрметтеп, қазақтың төріне шығарған ұлы Абай. Сонымен қатар Абайдың Пушкин үлгісін алғандағы бір ерекше белгісі, өз ұлтының көлемінен асып, сыртқы өзге елдер жайында сөз қозғауы, Пушкиндегі неше алуан елдер, ғасыр, тарихтар жайынан әңгімелі жырлар жазатын әдет Абайдың дәл өз басында көп болмағанмен, бұл да жалғыз қазақ ауқымында қалмай, сол Пушкинше масштаб, өріс іздейді. Пушкин жазған Кавказ, Қырым, Сыған, Испан сияқты жұрттың әңгіме, саналарын Абай өзі көп жаза қоймаса да, өзінің шәкірті болған ақын жастарға неше алуан әңгімелерді айта отырып, өлең еткізіп халыққа жаяды. «Дағыстан», «Зұлыс», «Шамиль», «Медғат-Қасым» сияқтылар сол Абай іздеп тапқан масштабтың, қазақ әдебиетіндегі жаңа мәдениетті өрістің белгілері еді. Өзінің ақын болып қалыптасуын Абай әлемдік деңгейде бағаланған А.С. Пушкинмен байланыстырады. Орыс ақыны А. С. Пушкинге жақындауы, екі алыптың іштей ұғынысуы, бірін-бірі тамыршыдай тап басып танып алуында үлкен сыр жатыр. А.С. Пушкин «Я вас любил» өлеңін махаббат тақырыбына арнады. Сүйгеніне жете алмауын, жауапсыз махаббатын былай суреттейді:
Я вас любил: любовь, еще, быть может,
В душе моей угасла не совсем;
Но пусть она вас больше не тревожит,
Я не хочу печалить вас ничем.
десе, Абай:
Сүйсіне алмадым, сүймедім,
Сүйегім жасып, сор қалың.
Сүйісіп саған тимедім,
Бола алмадым сенің жарың,
— дей келе сүйгенінің жары болмағанына өкінеді.
Абай өзі сүйе білген, өзін де сүйгізе білген, табиғаты, болмысы бірегей, «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» дегенді дұғадай сан қайталаған. Біздің елбасымыз Н.Ә. Назарбаев 2006 жылғы 3 сәуірде Мәскеуге ресми сапармен барып, ондағы елшілігіміз орналасқан Чистопрудный бульварында Абай ескерткішінің ашылуына қатысты. Ресей Президенті В. В. Путин бұл ескерткіштің ашылуын Ресей мен Қазақстан арасындағы қатынастардың айтулы оқиғасы деп атап көрсетті. «Біз аса көрнекті әдебиетшіге, ақын мен ойшылға ескерткіш ашып отырмыз. Ол екі мәдениеттің өзара молығуы туралы айтқан қазақ және орыс халықтарының арасындағы рухани ықпалдастықтың қалыптасуына зор үлес қосқан адам», - деп Ресей Президенті өз сөзінде атап өтті. Осындай ұлы тұлғаның бейнесі Ресейдің астанасында асқақтауы асқан құбылыс емес пе?! Екі елдің рухани ынтымақтастығының қайнар күші осы арқылы нығая түседі. Біздер Абай өлеңдерін қайта айналып оқыған сайын, оны жаңа қырынан тани түсеміз. Асыл ойдың тереңіне бойлап кеткендей боламыз. «Екі жақсы тауға шықса, құдаласып түседі, екі жаман тауға шықса, қуаласып түседі» деп халық даналығында айтылғандай, екі ел ақыл-ойының қос алыбының мәртебесін жоғары көтере береді... Екі халықтың поэзия алыптары - Абай мен А. С. Пушкинді бөліп- жармай, керісінше уақыт өткен сайын бірін-бірі толықтыра түсетін мұраларын жан-жақты сабақтастыра отырып, өмірдегі рухани қажеттілігімізге жарата білуіміз қажет.
Қолданылған әдебиет:
Абай және XXI ғасыр: Халықаралық ғылыми – тәжірибелік конференциясының материалдары. Өскемен. - ШҚМТУ. - 2005. - 308 б.
Әуезов М. Абай Құнанбаев. Монографиялық зерттеулер мен мақалалар. - Алматы, Санат.- 1995. - 320 б.
Дүкенбай Д. Пушкин рухымен тілдесу // Жұлдыз. - 1999. - 5 мамыр
үстіне