Құс қанат ғұмыр

Тұманбай Молдағалиев 1935 жылы 20 наурызда Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Жарсу ауылында туған. 1956 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тамамдаған. Еңбек жолын «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде әдеби қызметкер болудан бастаған. 1956–1959 жж. «Пионер» журналында әдеби қызметкер, 1959–1971 жж. «Жазушы» баспасында редактор, аға редактор болған. 1971—1973 жж. «Балдырған» журналында жауапты хатшы, 1973–1984 жж. «Жалын» альманахының бас редакторы қызметтерін атқарған. 1984–1986 жж. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы болды.  Тұңғыш өлеңдер жинағы 1957 жылы «Студент дәптері» деген атпен жарық көрді. Содан бергі уақыт ішінде ақынның қырықтан астам кітабы басылды. Орыс және батыс классиктерінің шығармаларын аударған. 1968 жылы «Жаңа дәптер» жинағы үшін Республика Комсомолы сыйлығының, 1982 жылы «Жүректегі жазулар» кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған. 1992 жылы Бүкіл Түркі дүниесі ақындарының Физули және Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтарын алды. Қазақстанның Халық жазушысы. «Парасат»   (2004), «Достық» (2010) ордендерінің иегері. Н.Тілендиевтің, Ш.Қалдаяқовтың, Ә.Бейсеуовтің көптеген әндеріне өлең жазған («Құстар әні», «Құстар қайтып келеді», «Бақыт құшағында», «Әнім сен едің», «Шақырады көктем», т.б.). 2007 жылы «Құстар қайтып барады» атты ән текстерінің жинағы шықты. 1957 жылы «Тың жерді игергені үшін», 1970 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен марапатталған. Өмірінің соңғы он бес жылында 1986-2011 жылдар аралығында «Балдырған» журналының тұрақты редакторы болды. Балаларға арналған «Етекбай атам үйінде», «Арман мен бота» кітаптарын жазды. Тұманбай Молдағалиев қазақ поэзиясында ерекше із қалдырған ақын. Оның өлеңдері әлі күнге дейін оқырманның жүрегіне жол тауып келеді.


Дереккөздер: 
1.     Тарихи тұлғалар / Құраст. Б.Тоғысбаев, А. Сужикова .-Алматы : Алматыкітап, 2011. - 376 б. 
2.     Қазақстан жазушылары ХХ ғасыр : анықтамалық. - Алматы : Ана тілі, 2004. - 392 б. 
3.     Қазақ әдебиеті : энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы : Аруна, 2005. - 576 б