phone i  +7(7232) 261-333 
phone i  pushkinlibrary@yandex.kz
phone i  ВТ- ПТ: 8:00-18:00
         СБ-ВС: 9:00-18:00
facebook   instagram   twitter   youtube   Vkontakt   whatsapp  

Новости и афиши

Толқын Ақанұлының кітаптарының тұсаукесері

Толқын Ақанұлының кітаптарының тұсаукесері

Шығыс төріндегі рухани орда – А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында оқырман жанына жылу, рухына медет сыйлаған тағылымды кеш өтті. Бұл жолы кітапсүйер қауым елорда – Астана қаласынан арнайы келген абзал жан, академик-дәрігер, ақын әрі сазгер, Қазақстан Жазушылар одағы мен Еуразия жазушылар одағының мүшесі Толқын Ақанұлымен жүздесті.

Толқын Ақанұлы – 1968 жылы 7 мамырда Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесі, Тарбағатай аймағы, Толы ауданында дүниеге келген. Ақын шығармашылығы мен медициналық тәжірибесі өзара өріліп, көркем сөз бен шипалы емді тоғыстырған бірегей болмыс иесі. «Шыңғыс Айтматов атындағы алтын медаль» иегері атанған қаламгердің жүректен шыққан жырлары мен денсаулықты сақтау жөніндегі еңбектері – оқырманын ойға бөлеп, көңіліне үміт ұялатады.
Кеш барысында автордың «Үміт сыйлағым келеді», «Қарағай бастауым» атты жыр жинақтары, сондай-ақ «Ем алыңыз, демалыңыз», «Емші кәдесі», «Қазақтың шипалы емдері» секілді медициналық еңбектері оқырман қауымға кеңінен таныстырылды. Толқын Ақанұлы өзі үшін поэзия – рухтың емшісі, ал емшілік – жанның тілін ұғу екенін айтып, рух пен тәнді қатар сауықтыруға үндеді.
Кеш барысында Ұлан ауданындағы ақындар үйірмесінің жетекшісі, суырыпсалма ақын Нөсерхан Қибихан авторға арнауын жырлады. Жырмен көмкерілген ықыласқа толы өлең көптің жүрегіне жетіп, кештің рухын асқақтатты. Одан кейін сахна төріне көтерілген Есенбол Нақтыбайұлы домбырасын қолына алып, сазбен өрілген арнауын төгіп салды. Елге деген сүйіспеншілік пен Толқын Ақанұлына деген құрметке толы ән кештің көркем бояуын қалыңдата түсті.
Алматыдан, Астанадан, Курчатов қаласынан арнайы ат терлетіп келген қонақтар да ақ тілектерін арнап, автор шығармашылығына деген ыстық ықыластарын білдірді. Кітапхана қызметкерлері мен көрермен қауым қаламгерге көкейде жүрген сұрақтарын қойып, еркін әңгімеге ұласты. Сұрақ қойған жандардың бәріне автор өз кітаптарын сыйға тарту етіп, шығармашылық ниетін бөлісті.
Кеш соңында Толқын Ақанұлы өзі жазған авторлық әнін орындап, зал ішін шынайы эмоция мен шабытқа толтырды. Жылы лебіз, тұщымды ой, ұлт саулығына бағытталған ізгілікті әңгімелермен өрілген бұл рухани басқосу оқырман жүрегінде ұзақ сақталары анық. Жиналған жұрт Толқын Ақанұлынан естелік ретінде қолтаңба алып, шығармашылық әлеммен жүздесудің қуанышын сезініп тарқасты.

Tolkynaga 1 Tolkynaga 2 Tolkynaga 3 Tolkynaga 4 Tolkynaga 5 Tolkynaga 6
Tolkynaga 7 Tolkynaga 8 Tolkynaga 9 Tolkynaga 10 Tolkynaga 11 Tolkynaga 13

Байланыс тел.: 261333


 DosAI

Предыдущая версия сайта

 old site

қолда

кітап ұзарту

оқырман болу

 

 


ВКО, г. Усть-Каменогорск
ул. Казахстан, 102

pushkinlibrary@yandex.kz

+7(7232) 261-333

+7(7232) 609-087 факс

+7(705) 282-11-27 Whatsapp