«Аяулым» шығармашылық кеш
6 наурыз күні А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай жерлес ақын Мұратхан Ахметбек пен танымал әнші, композитор Апош Сарбаздың (Нұржан Шөкенов) «Аяулым» атты шығармашылық кеші өтті.
Кеш барысында ақын Мұратхан Ахметбектің жүрекке жылы, сырлы жырлары оқылып, оның сөзіне жазылған танымал әндер шырқалды. Ақынның шығармалары республикалық және өңірлік басылымдарда жарияланып, көптеген жыр мүшәйралары мен ақындар айтысының жүлделерін иеленген. Оның өлеңдеріне жазылған әндерді елге белгілі өнерпаздар орындап жүр.
Ал әнші, композитор Апош Сарбаз «Тәп-тәттісің» әні арқылы көпшілікке кеңінен танылып, облыстық және республикалық байқаулардың жеңімпазы атанған өнер иесі. «Тарбағатай тарланы» және «ҚР мәдениет саласының үздігі», «Тарбағатайдың құрметті азаматы» медальдарымен марапатталған. Сондай-ақ, әнші Бейбіт Тұманбек қос автордың әнін шырқап, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Кешке кітапхана оқырмандары, өнерсүйер қауым қатысып, әсем ән мен әсерлі жырдан құралған мазмұнды бағдарламаны тамашалады. Сонымен қатар, қос өнерпаздың «Төр Алтайдың әдеби әлемі» клубының белсенді мүшелері екені атап өтілді. Кеш қонақтары өнер иелеріне шығармашылық табыс тілеп, жылы лебіздерін білдірді.
| |
|
|
|
|
|









