«Мен өмірді сүйемін» атты мәнерлеп оқу сайысы
А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында ерекше қажеттіліктері бар балалар арасында рухани-бағдарлы «Мен өмірді сүйемін» атты мәнерлеп оқу сайысы ұйымдастырылды.
Шараның басты мақсаты — ерекше балалардың шығармашылық қабілеттерін шыңдау, олардың көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыру, кітап оқу арқылы өмірге деген сүйіспеншілік пен сенімдерін нығайту және қоғамдағы әлеуметтік интеграциясына үлес қосу.
Мәдени шараға ШҚО ББ «№8 арнайы мектеп-интернаты» КММ мен ШҚО ББ «Ақниет» мектеп-интернаты» КММ талантты оқушылары белсене қатысып, қазақ классиктері мен ақындарының өлеңдерін жатқа оқыды. Әрбір қатысушының өнері ерекше шабыт пен жан жылулығына толы болды.
Қазылар алқасы қатысушылардың мәнерлеп оқу шеберлігін, сахнада өзін-өзі ұстау мәдениетін және сөз саптау ерекшеліктерін бағалап, жүлделі орындарды төмендегідей анықтады:
* І орын — №8 мектеп-интернатының оқушысы Қаленов Нұрәли
* ІІ орын — «Ақниет» мектебінің оқушылары Нұртай Назым және Нұрланова Жанұр
* ІІІ орын — №8 мектеп-интернатының оқушысы Романова Мария және «Ақниет» мектебінің оқушысы Ерғазы Жанерке
Сондай-ақ барлық қатысушылар алғыс хаттармен марапатталып, естелік сыйлықтар берілді.








