«Наурызегім, келдің бе?» өлеңдер жинағы мен «Ұрпағыма» әнінің тұсаукесері.
23 қазан күні сағат 14.00-де А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада ардагер ұстаз Саманова Сағдат Сламбекқызының «Наурызегім, келдің бе?» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтеді.
Сағдат Сламбекқызы - Зайсан ауданы, Қуаныш ауылының тумасы. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты ұстаз, «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпазы, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Күршім ауданында алғаш өткізілген пәндік олимпиадасының I орын иегері, жыр мүшәйралары мен ақындар айтысының бірнеше мәрте жүлдегері.
Өлеңдері мен мақалалары аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жарияланған. Автордың «Құт қонып бақ дарыған Ақбұлақ» және «Жұмыр жер бетіндегі Жұмағым» атты кітаптары жарық көрген. Сонымен қатар, оқушылардың қатысуымен «Отты жылдар елесі» қысқа метражды бейне фильм түсіріп, ол шығармашылық жұмыс байқауда Бас жүлдені иеленген.
Сағдат Сламбекқызы – шығармашылықтың бірнеше саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған өнер иесі. «Қара Алтын» және «Құндылық» фильмдерінде өнер көрсетіп, көрерменге актерлік қырын да танытқан.
2026 жылы Өскемен қаласында бір мезетте 5201 адамның домбырамен «Ақбұлақ» әнін орындауынан құралған әлемдік Гиннестің рекордтық көрсеткішіне қатысқан. Сонымен қатар А.С. Пушкин атындағы кітапхана жанынан құрылған «Төр Алтай» клубының белсенді мүшесі.
Автордың «Наурызегім, келдің бе?» атты жинағына Отанға деген сүйіспеншілік, ана тілі, ел мен жер тарихы, Тәуелсіздік, ұрпақ тәрбиесі, имандылық пен адамгершілік секілді өзекті тақырыптар арқау болған. Ақын өз жырларында Абай, Шәкәрім, Мұқағали, Оралхан сынды ұлттың біртуар тұлғаларына тағзым етіп, олардың рухани мұрасын жырларына арқау етеді. Жинақта сонымен қатар махаббат лирикасы, туған жерге деген перзенттік сағыныш, табиғат сұлулығы мен адам сезімі сырлы өлеңдер арқылы көрініс тапқан.
Кездесу барысында Сағдат Сламбекқызының шығармашылық жолы, айтыс өнеріндегі қалыптасу кезеңдері мен жинақтаған тәжірибесі туралы әңгіме өрбиді. Сондай-ақ автордың «Ұрпағыма» атты жаңа әнінің тұсауы кесіліп, оқырман қауымға алғаш рет таныстырылады.
Кеш барысында әдебиет пен поэзияның қадір-қасиеті, ұлттық өнердің бүгінгі тынысы туралы еркін пікір алмасып, оқырмандар өз сауалдарын қойып, ой бөлісе алады.
Рухани жүздесу – ұлттық әдебиет пен суырыпсалма өнерге деген қызығушылықты арттырып, жас ұрпаққа өнер мен сөз құдіретін насихаттауды көздейді.
Өнерді, әдебиетті, әсем әуен мен тағылымды әңгімені бағалайтын барша қала тұрғындары мен қонақтарын мазмұнды шығармашылық кешке шақырамыз!








