Биылғы жылы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында тарихтың қатпар-қатпар шындығын көркем сөзбен қайта тірілткен кемел қаламгер Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романы қалың оқырманға ұсынылып отыр.
Бұл шығарма – қазақ халқының күрделі тарихи кезеңдердегі тағдырын, ел болып сақталып қалу жолындағы ауыр да ардақты күресін терең толғаған көркемдік қуаты зор туынды.
Қабдеш Жұмаділов 1936 жылы 24 сәуірде Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағындағы Малдыбай ауылында дүниеге келген. Болашақ жазушы ауылда бастауыш білім алып, кейін Шәуешек гимназиясын тәмамдайды. 1956 жылы Қытай үкіметінің жолдамасымен Алматы қаласына келіп, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Алайда екі ел арасындағы күрделі саяси жағдайға байланысты университеттің екінші курсынан кейін кері шақырылып, 1958–1962 жылдар аралығында Қытайда қуғын-сүргінге ұшырайды.
1962 жылы империя шекарасын бұзып өткен қазақ көшімен бірге атамекенге оралып, ҚазМУ-дегі аяқталмай қалған оқуын қайта жалғап, 1965 жылы жоғары білім алады. Осы кезеңнен бастап ол қазақ руханиятының бел ортасында жүріп, «Қазақ әдебиеті» газетінде (1965–1967), «Жазушы» баспасында (1967–1976), Мемлекеттік баспалар комитетінде (1976–1981) жауапты қызметтер атқарып, әдебиет пен мәдениет саласына сүбелі үлес қосты.
Жазушының әдеби жолы ерте басталды. Шәуешек гимназиясында оқып жүрген шағында-ақ шығармашылыққа бет бұрған Қабдеш Жұмаділовтің алғашқы
өлеңдері 1954 жылы «Шыңжаң» газетінде жарық көрді. Ал 1956 жылы «Шұғыла» журналында «Жамал» атты тырнақалды әңгімесі басылып, оның прозадағы қарымы айқындала түсті. Жастық шақта жазылған өлеңдері 1967 жылы «Жас дәурен» деген атпен жеке жинақ болып шықты. Осыдан кейін қаламгер поэзиядан прозалық жанрға біржола ойысып, көркем әдебиеттегі өз жолын айқындады. 1968 жылы «Қаздар қайтып барады» атты алғашқы әңгімелер жинағы жарық көрсе, 1969 жылы «Көкейкесті» романы оқырман қолына тиді. Содан бері жазушы қаламынан көптеген әңгімелер мен хикаяттар, оннан астам роман дүниеге келді. Оның романдарының басым бөлігі тарихи тақырыпқа арналуымен ерекшеленеді.
Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылық биігі саналатын «Тағдыр» романы 1990 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Бұл шығармада жазушы ел мен жер тағдырын, азаттық пен ар-намыс ұғымдарын көркемдік биік деңгейде көтеріп, ұлт тарихындағы күрделі кезеңдерді шынайы әрі әсерлі бейнеледі. «Тағдыр» романы – ұлттық сананы оятқан, тарихи жадыны жаңғыртқан эпикалық қуаты мол туынды.
«Тағдыр» романы - тарих пен тағылым тоғысқан туынды, әдебиеттер көрмесі:![]()
https://www.facebook.com/groups/pushkinlibrary.kz/permalink/4287362568242481/
https://www.facebook.com/groups/pushkinlibrary.kz/permalink/4209007946077944/?rdid=imcl4uBl8y9J5S4C#
«Жол торабы» «Тағдыр» романының 1-бөлімі, подкаст/аудио формат:
https://www.facebook.com/groups/pushkinlibrary.kz/permalink/4301527720159299/?rdid=fDd6VFUZp1CHdNMF#
«Қарасөздің қас жүйрігі»: әдеби талқы
23 сәуір күні кітапханамызда Қазақстанның Халық жазушысы, көрнекті қаламгер Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылығына арналған «Қарасөздің қас жүйрігі» атты әдеби талқы өтті.
Кеш барысында әдебиет пен тарихтың тоғысқан тұсында жазушы мұрасы жан-жақты талқыланып, шығармаларындағы ұлттық сана, ел тарихы, рухани құндылық тақырыптары бойынша мазмұнды пікір алмасу болды.
А.С. Пушкин атындағы кітапхана қызметкерлері жазушының өз шаңырағында түсіріп алған сұхбатынан үзінді көрсетілді. Бұл бейнематериал көрерменге Қабдеш Жұмаділовтің тұлғалық болмысын, ой әлемін, шығармашылық ұстанымын жақынырақ тануға мүмкіндік берді.
Кітапхана жанындағы «Ой-сана» клубының белсенді мүшелері романға заманауи тұрғыдан талдау жасап, шығармадағы тарихи шешімдер мен кейіпкерлер тағдырын бүгінгі күн биігінен саралап, өз ойларын ортаға салды.
Шара барысында романнан үзінділер оқылып, кейіпкерлердің ішкі жан-дүниесі мен елдік рухты айшықтайтын әсерлі тұстар көрермен назарына ұсынылды.
Кештің қызықты әрі танымды өтуі үшін әдеби талқы барысында арнайы интерактивті ойындар ұйымдастырылды.
Адам жанын байытып, ойға ой қосатын тағылымды шарамыз сәтті аяқталды. Бұл жай ғана жиын емес, пікірлер тоғысқан, парасаттылық салтанат құрған ерекше сәт болды!
Мұрағат:
Мұрағат 2025
Мұрағат 2024
Мұрағат 2023
Мұрағат 2022
Мұрағат 2021








