
“Өсе бер, өрлей бер, Өр Алтайым!” жазушы, публицист Сәдібек Түгелмен кездесу
9 шілде күні сағат 14.00-де кітапханада көрнекті жазушы, публицист, қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қазақтың қазанатын – қастерлі жылқы жануарын ұлттың рухани мұрасы ретінде танытып жүрген жерлесіміз Сәдібек Түгелмен кездесу өтеді.
Сәдібек Түгел 1955 жылы 23 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында туған. 1980 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, 1990 жылы Алматыдағы политология-басқару институтын (бұрынғы жоғарғы партия мектебі) тамамдаған.
«Қазақ Телевидениесі мен Радиосы» Корпорациясында жауапты қызметтер атқарып, 1998–2003 жж. Елордамыз – Астана қаласының баспасөз хатшысы, баспасөз орталығының жетекшісі, Астана Халықаралық баспасөз орталығының бас директоры міндетін атқарған. 2003–2005 жж. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бұқаралық ақпаратпен байланыс бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еткен. Қазір ҚР Ұлттық Ат Спорты Түрлері Федерациясының Президенті болып қызмет атқарады.
Сәдібек Түгел – қаламын қайраткерлікпен ұштастыра білген тұлға. Сатира, публицистика, тарихи эссе, деректі проза жанрларында қалам тербеген қаламгердің 40-тан астам кітабы жарық көрген. Ол – халқымыздың қазыналы қазанатын зерттеп, ел руханиятына сүбелі үлес қосып жүрген санаулы тұлғалардың бірі. Осыған дейін жарық көрген «Қайдасың, қазағымның қазанаты?!» деректі повесі мен «Асыл жиреннің киесі» әңгімелер жинағы оқырмандардың ыстық ықыласына ие болды.
Автордың «Қайдасың, қазағымның қазанаты?!» – бұл тек жылқы жайлы еңбек емес. Бұл – қазақтың жаратылысы, даланың тынысы, ердің сыны.
Сонымен қатар, шарада қаламгердің «Мыңбасы», «Джеки» атты кітаптарының таныстырылымы өтеді. Бұл кітаптар – ұлт болмысын, дала мінезін, ел тағдырын көркем тілмен кестелеген рухани қазына. Кеш барысында қатысушылар қаламгермен сұхбаттасып, шығармашылық иірімдеріне үңілуге, жаңа кітаптардың мазмұнымен терең танысуға мүмкіндік алады.
Қазақ руханиятының тамырына терең бойлаған Сәдібек Түгелмен жүздескіңіз келсе, осы кешке келіңіз!
Ұлтты сүйген қаламгердің сөзі – елге аманат. Баршаңызды рухани кездесуге шақырамыз!
Байланыс тел.: 261333