«ОҚИТЫН ҰЛТ: кітап оқудың жаңа дәуірі»
Кітап оқу мәдениетін дамыту, қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыру және өскелең ұрпақтың білімге деген құштарлығын қалыптастыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.
Осы бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен көтерілген «Оқитын ұлт» идеясы ерекше маңызға ие. Бұл бастаманың түпкі мәні – кітапты рухани дамудың қайнар көзіне айналдырып, оқуға құштар, ойы зерек, танымы терең қоғам қалыптастыру.
Осы мақсатта 18 қарашада сағат 14.00-де кітапханада «Оқитын ұлт: кітап оқудың жаңа дәуірі» атты заманауи форматтағы әдеби-талқы өтеді.
Шараның негізгі мақсаты – кітап оқудың маңызын кеңінен насихаттау, оқырман мәдениетін дамыту, кітап оқу марафонына қатысушылардың тәжірибесін көпшілікке таныстыру және оқуға қызығушылық танытатын жаңа оқырмандар қатарын қалыптастыру.
Кездесу барысында қатысушылар кітап оқудың адам өміріндегі рөлі, оның ойлау қабілетін дамытуға, сөздік қорды байытуға, дүниетанымды кеңейтуге және өзін-өзі жетілдіруге ықпалы туралы ой бөліседі. Сонымен қатар қазіргі ақпараттық дәуірдегі оқу мәдениеті, әлеуметтік желілер мен цифрлық технологияларды кітап оқуға қызығушылықты арттыру құралы ретінде пайдалану мәселелері талқыланады.
Бағдарлама аясында TED форматындағы қысқа баяндамалар, «60 секундта бір кітап» таныстырылымы, ашық пікірталас және интерактивті тапсырмалар ұйымдастырылады. Кітап оқу марафонына қатысушылар өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, ерекше әсер қалдырған шығармаларын таныстырады. Ал көрермендер өздері ұсынатын кітаптар туралы айтып, алдағы уақытта оқуға ниетті шығармаларын таңдап, кітап оқудағы жеке мақсаттарын айқындай алады.
Шараның басты ерекшелігі – кітап туралы дайын ақпаратты ұсынумен шектелмей, оқырмандардың өз тәжірибесін ортаға салып, пікір алмасуында.
Кітап – білімнің қайнар көзі ғана емес, ұлттың рухани байлығы. Оқуға құштар қоғам қалыптастыру – кітапханалардың, білім беру ұйымдарының, отбасының және әрбір азаматтың ортақ міндеті.
Ендеше, сіздерді шарамызда күтеміз! Бірге кітап оқиық!



























