«Бір ел – бір кітап 2026» акциясы
Биылғы жылы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында тарихтың қатпар-қатпар шындығын көркем сөзбен қайта тірілткен кемел қаламгер Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романы қалың оқырманға ұсынылып отыр.
Бұл шығарма – қазақ халқының күрделі тарихи кезеңдердегі тағдырын, ел болып сақталып қалу жолындағы ауыр да ардақты күресін терең толғаған көркемдік қуаты зор туынды.
Қабдеш Жұмаділов 1936 жылы 24 сәуірде Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағындағы Малдыбай ауылында дүниеге келген. Болашақ жазушы ауылда бастауыш білім алып, кейін Шәуешек гимназиясын тәмамдайды. 1956 жылы Қытай үкіметінің жолдамасымен Алматы қаласына келіп, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Алайда екі ел арасындағы күрделі саяси жағдайға байланысты университеттің екінші курсынан кейін кері шақырылып, 1958–1962 жылдар аралығында Қытайда қуғын-сүргінге ұшырайды.
1962 жылы империя шекарасын бұзып өткен қазақ көшімен бірге атамекенге оралып, ҚазМУ-дегі аяқталмай қалған оқуын қайта жалғап, 1965 жылы жоғары білім алады. Осы кезеңнен бастап ол қазақ руханиятының бел ортасында жүріп, «Қазақ әдебиеті» газетінде (1965–1967), «Жазушы» баспасында (1967–1976), Мемлекеттік баспалар комитетінде (1976–1981) жауапты қызметтер атқарып, әдебиет пен мәдениет саласына сүбелі үлес қосты.
Жазушының әдеби жолы ерте басталды. Шәуешек гимназиясында оқып жүрген шағында-ақ шығармашылыққа бет бұрған Қабдеш Жұмаділовтің алғашқы өлеңдері 1954 жылы «Шыңжаң» газетінде жарық көрді. Ал 1956 жылы «Шұғыла» журналында «Жамал» атты тырнақалды әңгімесі басылып, оның прозадағы қарымы айқындала түсті. Жастық шақта жазылған өлеңдері 1967 жылы «Жас дәурен» деген атпен жеке жинақ болып шықты. Осыдан кейін қаламгер поэзиядан прозалық жанрға біржола ойысып, көркем әдебиеттегі өз жолын айқындады. 1968 жылы «Қаздар қайтып барады» атты алғашқы әңгімелер жинағы жарық көрсе, 1969 жылы «Көкейкесті» романы оқырман қолына тиді. Содан бері жазушы қаламынан көптеген әңгімелер мен хикаяттар, оннан астам роман дүниеге келді. Оның романдарының басым бөлігі тарихи тақырыпқа арналуымен ерекшеленеді.
Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылық биігі саналатын «Тағдыр» романы 1990 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Бұл шығармада жазушы ел мен жер тағдырын, азаттық пен ар-намыс ұғымдарын көркемдік биік деңгейде көтеріп, ұлт тарихындағы күрделі кезеңдерді шынайы әрі әсерлі бейнеледі. «Тағдыр» романы – ұлттық сананы оятқан, тарихи жадыны жаңғыртқан эпикалық қуаты мол туынды.
Жазушының қазақ әдебиетіндегі ерен еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. 1998 жылдың 23 қазанында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Қабдеш Жұмаділовке «Қазақстанның халық жазушысы» деген құрметті атақ берілді. Бұл – қаламгердің ұлт руханияты жолындағы табанды еңбегіне, әдебиетке сіңірген өлшеусіз үлесіне берілген лайықты баға.



























