«Қош келдің, әз-Наурыз!»
14–23 наурыз аралығында А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында «Наурызнама» онкүндігі аясында кең көлемді мәдени-рухани іс-шаралар легі өтеді.
Кітапхана қонақтарын «Армысың, әз-Наурыз!» атты тағылымды интерактивті әдебиеттер көрмесімен қарсы алады. Көрмеге қойылған мазмұнды әдебиеттер арқылы қазақ халқының салт-дәстүрімен, рухани мұрасымен кеңінен таныса аласыздар.
Наурызнама 14 наурыз – Көрісу күнімен бастау алады. «Амал мерекесі» - қыстан аман шыққан жұрттың бір-бірімен қауышып, төс қағыстырып, амандық-саулық тілейтін ежелгі қазақ дәстүрі. Кітапхана оқырмандарын көрісу рәсімімен қарсы алады.
16 наурыз – Шаңырақ күні аясында «Шарапатты шаңырақ шежіресі» атты отбасылық бенефис - еліміздің мақтанышы болған екі алып тұлғаның, Халық Қаһарманы, Өскемен қаласының Құрметті азаматы Ахат Күленовтың және Алтайдың аңыз адамы, шежіреші, ШҚО Құрметті азаматы Бошай Кітапбаевтың ұрпақтарына арналады. Шараға қаламыздағы зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, кейіпкерлердің жерлестері қатысады.
17 наурыз – «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне» «Қыран рухты әулет» атты тағылымды кездесу кеші жоспарланып отыр. Ұлттық өнерді отбасылық құндылыққа айналдырған, жылқы баптап, құс салған, өнегелі ғұмыр кешіп келе жатқан өнерлі Манай әулетімен кездесу. Бұл әулеттің бірлігі мен татулығын, өзара сыйластығы мен бауырмалдығын насихаттау, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан тәрбиенің өнегесін көрсету, өнер мен салт-дәстүрді дәріптеу.
18 наурыз – «Ұлттық киім – халық қазынасы» атты «Ұлттық киім дефилесі» өтеді. Мақсаты: Ұлттық кодты жаңғырту, дәстүрді құрметтеу және қазақы нақыштағы киімдерді күнделікті өмірде насихаттау. Шараға келушілер үшін дресс код – ұлттық киім болып саналады. Шара - қоғам қайраткері, ҚР мәдениет қайраткері Ақанов Сағымбек аға бастаған Өскемен қалалық ардагерлер кеңесімен бірлесе өткізіледі. Шарада қазақтың дәстүрлі әндері орындалып, ұлттық киімдердің үлгісі көрсетіледі, әжелерден құралған «Ақ босаға» ансамблі өнер көрсетеді. Аталар жас ұрпаққа ақ батасын беріп, әжелер ұлттық киім үлгілерінің түрлері туралы және ондағы оюлар тарихы туралы танымдық әңгіме қозғайды.
Ұлттық элементтерді заманауи үлгімен ұштастырған киім үлгілер жасанды интеллект жасаған бейнематериал түрінде көрсетіледі. Дәл осы күні оқушылар үшін «Ұлттық киім – ұлт айнасы» атты танымдық медиа сабақ өткізіледі. Жасөспірімдерге қазақтың ұлттық киімдерінің тарихын таныстыру, ұлттық киімге құрмет – өз тамырыңа деген құрмет екендігін түсіндіру. Өз халқының салт-дәстүрін сыйлауға, мәдениетін мақтан етуге тәрбиелеу.
19 наурыз – «Жаңару күні» «Наурыз – шаттық мерекесі» атты мерекелік концерт ұйымдастырылып, өнерпаздар көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.
20 наурыз – «Ұлттық спорт» күніне орай тоғызқұмалақ ұлттық ойынынан қала мектептері арасындағы турнир өтеді. Бұл жарыс жас ұрпақтың зияткерлік қабілетін шыңдап, ұлттық спортты дәріптеуге бағытталған.
21 наурыз – «Ынтымақ күні» – ел бірлігі мен татулығын, достық пен өзара құрметті дәріптейтін айрықша күн. Бұл күні әнші Берік Рамазановтың «Халық әні – қазына» атты мерекелік ән шашуы болады. Музыкалық бағдарлама достықтың, бауырмалдықтың, елдік пен бірліктің маңызын айшықтай отырып, көрерменге мерекелік көңіл күй сыйлайды.
22 наурыз – «Ұлыс оң болсын!» атты танымал жерлес тұлғалардың құттықтауы кітапхананың әлеуметтік желілерінде жарияланады.
23 наурыз – Тазару күні аясында рухани және экологиялық тазалықты насихаттайтын онлайн жарияланымдар ұсынылады.
Наурызнама онкүндігі – ұлттық құндылықтарды ұлықтап, салт-дәстүрді жаңғыртып, заманауи технологиялармен үндестірген мазмұнды мерекелік бағдарлама.Баршаңызды көктем мерекесін кітапханамен бірге қарсы алуға шақырамыз! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Байланыс тел.: Абылгазинова Г., +7 705 624 1725



























