«Абайдың інісі, Алаштың ірісі» республикалық онлайн форсайт-форумы
15 сәуір күні кітапханамыздың ұйымдастыруымен абайтану ғылымының негізін қалаған ғалым, алаштанушы, шәкәрімтанушы Қайым Мұхамедхановтың 110 жылдығына арналған «Абайдың інісі, Алаштың ірісі» атты республикалық онлайн форсайт-форум өтті.
Бұл кездесудің басты мақсаты – ұлы ғалымның өмірі мен ғылыми мұрасын еске алып қана қоймай, оның қазақ руханиятына қосқан зор үлесін кеңінен таныстыру.
Аталған шараға ғалымның қызы Қайым Мұхамедханов атындағы Білім және мәдениет орталығының директоры Дина Қайымқызы Мұхамедхан; шәкірті М. Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжінің директоры Шағангүл Алдамжарқызы Жанаева; қайымтанушы, Шәкәрім университеті «Абай және ұлттық руханият» ғылыми орталығының басшысы Ақмарал Төлеуғазықызы Смағұлова; «Алаш арыстары Мұхтар Әуезов» музейінің меңгерушісі, жазушы-драматург Қуат Қазезұлы Қиықбай қатысты.
Онлайн кездесу барысында қатысушылар қазақ руханиятының көрнекті өкілі, Абай Құнанбайұлы мұрасын зерттеуде өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғаның ғылыми мұрасы мен тағылымды өмір жолы туралы мазмұнды ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедханов арасындағы рухани сабақтастық кеңінен сөз болды.
Қайым Мұхамедханұлының артында қалған бай мұрасы – ұлт руханиятының асыл қазынасы. Оны дәріптеу – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Форумға қатысқан барлық қонақтарға алғысымызды білдіреміз!



























