«Күн көзіндегі көлеңке» кітабының тұсаукесері
17 сәуір күні сағат 11.00-де кітапханада ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Мәдениет саласының үздігі» Гүлнұр Зұлқаршынның «Күн көзіндегі көлеңке» кітабының тұсаукесері өтеді.
Гүлнұр Зұлқаршын 1979 жылы ҚХР Алтай аймағында дүниеге келген. 10 жасынан бастап Қытайдағы меншікті газет-журналдарда өлеңдері жариялана бастаған дарынды ақын өсе келе сол елдің республикалық, облыстық, аймақтық, аудандық ақындар айтысының, жыр-мүшайраларының жүлдегері атанады. 2008-жылы тарихи отанына оралады. Бүгінде Гүлнұр бірнеше облыстық жыр мүшәйраларының, ақындар айтысының жүлдегері, «Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі», «Тамшы» шығармашылық үйірмесін және «Ақиық» ақындар орталығың ұйымдастырушы. Бүгінде Гүлнұр Алматы кітапханалар жүйесіне қарасты, «Alatau Creative Hub» кітапхана, коворкинг және арт-орталығында қызмет істейді.
«Күн көзіндегі көлеңке» - Гүлнұр Зұлқаршынның екінші жыр жинағы.
Адам баласының әр жүрегінде – бір күн бар. Ол күннің де шуағы мен көлеңкесі болады. Бұл жинақ – сол ішкі күннің көлеңкесінде қалған шындықты, көрінбей жүрген сезімді, үнсіздікпен үн қатқан жан айқайын өлең тілімен өрнектеуге талпыныс.
Шараға қаламыздағы әдебиетсүйер қауым, кітапхана оқырмандары қатыспақшы. Алматы қаласынан Шығыстық оқырмандарымен жүздесуге арнайы келе жатқан Гүлнұр Зұлқаршынның кешіне баршаңызды шақырамыз!



























