«Толқын ғұмыр» кітабының тұсаукесері
17 сәуір күні сағат 14.00-де кітапханада ақын, ұстаз Уызбаева Толқынның «Толқын ғұмыр» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтеді.
Уызбаева Толқын Сайлаубекқызы 1977 жылы 3 шілдеде Шығыс Қазақстан облысы Үлкен Нарын ауданының Үштөбе ауылында дүниеге келген. Толқын С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің колледжін қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығы бойынша, Шымкент қаласындағы Қазақстан инженерлі-педагогикалық Халықтар достығы университетін кәсіптік бағдар бойынша тәмамдаған. Өмір жолын ұстаздықтан бастаған Толқын бүгінгі таңда Үлкен Нарын ауылындағы Қабдөш Дамитов атындағы орта мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқаруда.
Толқын Уызбаева – табан астында суырып салар айтыскер ақын. Домбырашылық, әншілік, жазбаша ақындықты да ұстаздық қызметпен қатар алып жүрген өнерлі жан.
Өлеңдері аудандық, облыстық газеттерде басылып жүр. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен жүргізіліп отырған «Абай әлемі» кітаптар топтамасының 2024 жылғы шығарылымында «Алтайдың ақын арулары» атты жыр жинағына өлеңдері енген.
Оның жүрекжарды туындыларынан ананың мейірімі, туған жерге деген сағыныш, балалықтың мөлдір естелігі мен адам жанының ең таза күйі анық сезіледі. Ақын жырларында асқақ ұраннан гөрі жүрекке жақын шындық, жасандылықтан ада табиғи лирика басым.
«Толқын ғұмыр» аталатын бұл өлеңдер топтамасы – ақын қыз Толқынның алғашқы жыр жинағы. Сонымен қатар, Толқын – кітапхана жанынан құрылған «Төр Алтайдың әдеби әлемі» клубының белсенді мүшесі.
Тұрмыста, жолдасы екеуі бір ұл, үш қызды тәрбиелеп отырған үлгілі обасы.
Шараға қаламыздағы әдебиетсүйер қауым, клуб мүшелері, кітапхана оқырмандары шақырылып отыр.



























