«Риддер қаласының тарихы»: онлайн-кездесу
15 мамыр күні Риддер қаласының құрылғанына 240 жыл толуына арналған онлайн-кездесу өтті. Шара 2026 жылға арналған Шығыс Қазақстан облысының атаулы және еске алу күндерінің күнтізбесі аясында ұйымдастырылды.
Аталған күнтізбе — өңір мен Шығыс Қазақстанның көрнекті тұлғалары туралы білімді насихаттауға бағытталған жыл сайынғы тарихи-өлкетану және анықтамалық-библиографиялық басылым.
Zoom платформасындағы бейнеконференция өңірдің тарихы мен мәдени мұрасына қызығушылық танытатын барша қауымды біріктірді. Кездесу бағдарламасы қатысушыларды Риддер қаласының қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерімен таныстырды. Қала тарихының бастауына ерекше назар аударылды. Қазіргі Риддер аумағын адамзат тас дәуірінің өзінде-ақ мекендегені археологиялық олжалар арқылы дәлелденген. Ал бұл өңірді игерудің жаңа кезеңі XVIII ғасырда, Алтайдың табиғи байлықтарын белсенді зерттеу дәуірінде басталды.
ІІ Екатерина патшайымның билігі кезінде пайдалы қазбаларды іздеу туралы жарлық шығарылды. 1786 жылы Алтайға іздеу экспедициялары жіберіліп, олардың бірін кен инженері Филипп Риддер басқарды. 1786 жылғы 31 мамырда ол алтын, күміс және полиметаллдарға аса бай кен орнын ашып, бұл кен орны алғашқы ашушының есімімен аталды. Осы оқиға кейіннен Риддер қаласының негізінің қалануына себеп болды.
Кездесу барысында Риддер тарихи-өлкетану музейінің тарих маманы Э. М. Есимбаева қазіргі Риддер аумағын ежелгі металлургтердің игеруі және іздеу экспедицияларының кен орындарын ашуы туралы баяндады. Соғыс жылдарындағы Лениногорск қаласының тыныс-тіршілігі мен оның майданды қолдауға қосқан үлесі жөнінде Риддер қаласының құрметті азаматы, қалалық Ардагерлер кеңесінің бұрынғы төрайымы З. Ф. Степанова әңгімеледі. XX ғасырдың 70-80 жылдарындағы қаланың дамуы туралы Риддер қаласындағы «Достық үйінің» алғашқы директоры А. К. Эссенова баяндаса, «Кенді Алтай жазушылары» әдеби бірлестігінің құрылуы мен қызметі жайында оның жетекшісі Л. Разживина таныстырды. Өлкетану бағытындағы кітапханалардың жұмысы туралы қатысушыларға Орталық қалалық кітапхананың қызметкері Л. В. Ярыгина мәлімет берді.
Анықтама тел.: 261-333































