«Алтын тау Алтайым» кітабының тұсаукесері
3 шілде күні сағат 10:00-де кітапханамызда белгілі әнші, композитор Серік Сұлтанғалиұлы Бабахановтың «Алтын тау Алтайым» атты кітабының салтанатты тұсаукесер рәсімі өтеді.
Шара Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылып, қазақтың дәстүрлі ән өнері мен ұлттық мәдениетін дәріптеуге бағытталады. Кітапта автордың шығармашылық жолы, ән мұрасы, туған жерге, ұлттық құндылықтарға арналған туындылары мен өнердегі ізденістері кеңінен қамтылған.
Серік Сұлтанғалиұлы – 1966 жылы 2 маусымда Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданының Теріскей-Бөкенбай ауылында дүниеге келген. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің музыка пәні мұғалімі мамандығын тәмамдағаннан кейін туған өлкесінде мәдениет саласында қызмет атқарып, Ақбұлақ, Сағыр ауылдарындағы мәдениет үйлерінде көркемдік жетекші, Өскемен қалалық мәдениет бөлімінде сырнайшы, облыстық филармонияда әнші болып еңбек етті. Ұзақ жылдар бойы ұлттық мәдениетті дамытуға, қазақ ән өнерін насихаттауға және дәстүрлі музыкалық мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізуге елеулі үлес қосып келеді. Композитор шығармалары туған жерге сүйіспеншілік, елдік рух, адамгершілік құндылықтар мен ұлттық болмысты арқау етуімен ерекшеленеді. Оның әндері кең тынысты әуенімен, мазмұндық тереңдігімен және тәрбиелік мәнімен тыңдарман жүрегінен орын алған.
Тұсаукесер кешіне қазақтың дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілдері, өнер қайраткерлері мен мәдениет жанашырлары қатысады. Атап айтқанда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші, «Құрмет» орденінің иегері Рамазан Стамғазиев, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкімән, әнші, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» Толғанбай Сембаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР мәдениет қайраткері Ербол Айтпаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Тұңғыш Президент қоры сыйлығының лауреаты Ерлан Рысқали, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет" орденінің иегері Клара Төленбаева, актер, шоумен Алмат Сақатов, Қазақстан Республикасы Композиторлар одағының төрағасы — белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Серікжан Әбдінұров және басқа да өнер майталмандары арнайы қонақ ретінде қатысып, шығармашылық лебіздерін білдіреді.
Кеш барысында Серікбек Бабахановтың әндері орындалып, оның өнер жолы мен шығармашылық мұрасы туралы естеліктер айтылып, жаңа кітап оқырман қауымға таныстырылады. Сонымен қатар ұлттық ән өнерінің бүгінгі дамуы мен дәстүр сабақтастығы туралы пікір алмасу ұйымдастырылады.
Ұйымдастырушылар өнерсүйер қауымды, зиялы қауым өкілдерін, шығармашылық жастарды және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін аталған мәдени шараға қатысуға шақырады.































