«Бір ұстаз – мың тағдыр» кітабының тұсаукесері
Ұстаздар күніне орай А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында көрнекті педагог, білім саласының үздігі Жәдігер Есімханұлы Қазыкеновке арналған «Бір ұстаз – мың тағдыр» кітабының тұсаукесері өтті.
Жәдігер Есімханұлының саналы ғұмыры да талай шәкірттің тағдырымен сабақтасып, білім мен тәрбиенің биік үлгісіне айналды. Кітапта ұстаздың білім саласындағы жаңашыл еңбегі, ұстаздық ұстанымы, шәкірттеріне деген сенімі мен адамдық болмысы кеңінен баяндалады. Сонымен қатар, Жәдігер ағадан тәлім алған шәкірттерінің жүрекжарды естеліктері де қамтылған.
Кітаптың құрастырушы авторы – Жәдігер ұстаздың шәкірті, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Беркімбаева Индира Қилымбекқызы. Ұстазына деген шәкірттік құрметтен туған бұл еңбек – бір адамның өнегелі жолын ғана емес, тұтас бір ұрпаққа берілген тәлімнің тарихын танытады.
Кітаптың тұсаукесер рәсіміне арнайы қатысқан Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Айдар Серікқазыұлы Садырбаев ізгі тілегін білдіріп, тағылымды шараның мән-маңызына тоқталды.
Бір ұстаздың еңбегі – мың шәкірттің тағдырында жалғасады.
Аталмыш кітап – ұстазға деген құрметтің, шәкірт алғысының және кейінгі ұрпаққа қалдырылған өнегенің жарқын көрінісі.































