ҮШ КІТАП. ҮШ ТАРИХ. ҮШ ТАҒДЫР
4 желтоқсан күні сағат 14.00-де кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, филология ғылымдарының кандидаты, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Құрметті профессоры Айтмұхамбет Қасымұлының «Батырбектің хандығы», «Ағзамовтар», «Менің Роза апайым» атты үш жаңа кітабының тұсаукесері өтеді.
Бұл кездесу – оқырманға тағылымды тарихты, өнегелі өмір жолын, ел жадында сақталған тұлғалар тағдырын таныстыратын рухани жүздесу болмақ.
А. Қасымұлы 1950 жылы 29 маусымда Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Аюды ауылында дүниеге келген. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын Үлкен Нарым ауданы мектептерінде мұғалім, мектеп директоры болып бастаған. 1977–2013 жылдары облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі қызмет сатыларынан өтті. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін бес жыл Шығыс Қазақстан өнер музейінде аудармашы, бес жыл С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде аға оқытушы болып еңбек етті.
Қаламгердің шығармашылық қоржынында «Алтайдан ұшқан ақиық», «Арулар әлемі», «Үміт патшалығына саяхат», «Қызыл қырғынның құрбаны», «Қазақ халқының тұңғыш әскери ұшқышы Жақыпбек Малдыбаев», «Туған жер әуендері» атты деректі-көркем кітаптар, «Тарихи жол» ғылыми-зерттеу еңбегі және журналистика теориясына арналған «Әмбебап журналист» кітабы бар. Автордың еңбектері туған өлке тарихын түгендеуге, елге еңбегі сіңген тұлғалардың өмір жолын зерделеуге бағытталған.
Оқырманға жол тартқалы отырған үш кітаптың әрқайсысының көтерер жүгі мен айтар ойы бөлек.
«Ағзамовтар» кітабы – бүкіл саналы ғұмырын ел игілігіне арнап, шаруашылық, ғылым және спорт салаларында елеулі жетістіктерге жеткен, Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы Мұхамедолла Сағидоллаұлы Ағзамовтың өмірі мен еңбек жолына арналған. Сонымен қатар жинақта автордың қырық жылға жуық қызмет еткен облыстық «Дидар» газетінің тарихы, сондай-ақ соғыс қарсаңында екі кезеңмен, небәрі 68 күнде халықтық әдіспен салынған ұзындығы 806 шақырымдық «Шығыс шеңбері» тас жолы туралы тарихи зерттеулер қамтылған.
«Менің Роза апайым» кітабы Шығыс Қазақстан өңіріндегі қазақ тіліндегі тұңғыш басылым – «Жұмысшы» (қазіргі «Дидар») газетінің алғашқы редакторы Мақсұт Тайшыбаевтың қызы Роза Мақсұтқызы Тайшыбаева-Сужикованың 90 жылдық мерейтойына арналып отыр. Жинақта Роза апайдың ғұмыр жолы, өнегелі өмірі мен замандастарының естеліктері арқылы тұтас бір дәуірдің тынысы танылады.
Ал «Батырбектің хандығы» кітабы әлем әдебиетінің алтын қорына енген жеті томдық «Чураевтар» романының авторы, Шемонаиха өңірінің тумасы Георгий Гребенщиковтың шығармашылық мұрасымен таныстырады. Тағдырдың жазуымен өмірінің көп бөлігін шетелде өткізген қаламгердің 1910–1925 жылдары көшпенділер өмірінен жазған повестері, пьесасы, ертегілері, очерктері мен көркем әңгімелері осы жинаққа топтастырылған.
Үш кітап – үш түрлі тақырып, үш түрлі тағдыр, бірақ барлығын біріктіретін ортақ арқау – тарихқа тағзым, тұлғаға құрмет, туған өлкенің рухани мұрасын ұрпаққа жеткізу.
Жаңа еңбектердің тұсаукесерінде автордың шығармашылық ізденісі, кітаптардың жазылу тарихы мен көтерген тақырыптары кеңінен сөз болады.
Тарихты танып, тұлғаларды ұлықтап, рухани мұрамен сусындағыңыз келсе, кітапханадағы кездесуге келіңіздер!









